PIRLS халықаралық зерттеуінің бір бөлігі ретінде әл-ауқат оқушылардың субъективті тәжірибесі және мектеп өмірін бағалауы ретінде анықталады. Зерттеулерге сәйкес, оқушылардың мектептегі әл-ауқаты оқу процесіне қолдау көрсету немесе кедергі жасау және оқушыларды ынталандыру арқылы оқу үлгерімінің маңызды болжаушысы болып табылады. PIRLS оқушылардың әл-ауқатын өлшеуші индикатор бола алатын бірнеше аспектілерді зерттейді: өзін мектептің бір бөлшегі ретінде сезінуі, буллинг, сабақ алдында өзін шаршаңқы және аш сезінуі, сабақтан қалуы.
Оқушылардың буллингке ұшырауы олардың психофизикалық денсаулығымен қатар, мектептегі үлгеріміне де әсер ететін оқушылардың мектептегі әл-ауқатының маңызды көрсеткіші болып табылады. PIRLS-2021 зерттеуіне қатысушы елдердің төртінші/бесінші сынып оқушылары арасында буллингтің таралғанын атап өткен жөн: Грузияда 16%-дан Оңтүстік Африкада 73%-ға дейін. Алты елде оқушылардың бестен бір бөлігі немесе одан көбі апта сайын мазақ етуден бастап физикалық күш көрсетуге дейінгі әртүрлі буллинг түрлеріне ұшырайды (Ресей – 20%, Катар – 20%, БАӘ – 23%, Сауд Арабиясы – 27%, Египет – 28%, ОАР – 42%). Қазақстанда мұндай балалардың үлесі 15%-ды құрайды. Олар айына кемінде бір рет булингке тап болатынын немесе ешқашан немесе ешқашан дерлік тап болмайтынын хабарлаған құрдастарымен салыстырғанда ең төменгі нәтижелерді көрсетеді (сәйкесінше 498 және 517 балмен салыстырғанда 461 балл).
Оқу күнінің басында оқушылардың әл-ауқаты олардың оқуға белсенді қатысуына әсер етуі мүмкін, ал бұл өз кезегінде оқу үлгеріміне әсер етуі мүмкін. Қазақстандық оқушылардың орта есеппен 25%-ы күнде немесе күнде дерлік мектепке шаршап , 33%-ы аш келетінін хабарлады (әлемде орта есеппен тиісінше 37% және 35%). Әлеуметтік-экономикалық теңдік деңгейі жоғары дамыған елдерде мұндай балалардың үлесі халықаралық орташа мәннен жоғары (мысалы, Италияда – 44% және 53%, Израильде – 50% және 49%, АҚШ-та – 56% және 42%). Бұл ретте аштық сезімі мен оқушылардың үлгерімі арасында тікелей байланыс барын атап өткен жөн. Осылайша өздерін ешқашан аш сезінбеген қазақстандық оқушылар күнде немесе күнде дерлік өздерін осылай сезінетін құрдастарына қарағанда 14 балға артық балл жинайды. Аштық сезімі отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігімен, азық-түлік қауіпсіздігінің жоқтығымен, ата-аналардың тамақтану әдетімен және басқа да жеке факторлармен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар сабақтың басталу уақыты мен мектептегі таңғы ас жағдайларының ықпалын жоққа шығаруға болмайды.
PIRLS-2021 деректері сондай-ақ мектепке қатыстылық сезімі мен оқу үлгерімі арасындағы оң байланысты көрсетеді. Мысалы, PIRLS-2021 зерттеуіне қатысқан елдер бойынша орта есеппен мектепке қатыстылығын «жоғары» деп бағалаған оқушылар өздерін мектептің бір бөлшегі ретінде «орта» және «әлсіз» дәрежеде сезінетін оқушылармен салыстырғанда, оқу бойынша ең жоғары нәтижелерді көрсетеді (тиісінше 495 және 482 балмен салыстырғанда 512 балл). Қазақстанда аталған топтар арасындағы балл айырмашылығы шамалы.
Сауалнама аясында оқушылардан сабақтан қаншалықты жиі қалатындары туралы ақпарат жиналды. Қазақстандық оқушылардың жартысынан көбі сабақтан ешқашан немесе ешқашан дерлік қалмайтындарын атап өтті (57%). 8 елде мұндай балалардың үлесі 80%-дан асады (Тайбэй, Гонконг, Сингапур, Португалия, Франция, Германия, Австрия, Мальта). Дүние жүзінде орта есеппен сабақтан қалу оқу жетістіктерінің төмендеуіне әсер етеді. Қазақстанда сабақтан кемінде 1-2 аптада бір рет қалған және ешқашан қалмаған оқушылардың балдары арасындағы алшақтық соңғысының пайдасына 48 балды құрады. Орташа алғанда, әлемде бұл айырмашылықтың ауқымы БАӘ-де 120 балдан Египетте 18 балға дейін өзгереді.
Есеп Бостон колледжіндегі TIMSS & PIRLS халықаралық зерттеу орталығының сайтында қолжетімді: https://pirls2021.org/insights/