TIMSS-2023 халықаралық зерттеуінің нәтижелері жарияланды

2024 жылғы 4 желтоқсанда IEA халықаралық оқу жетістіктерін бағалау қауымдастығы TIMSS-2023 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады.

TIMSS әлемнің 60-тан астам елдері мен аумақтарында төртінші және сегізінші сынып оқушыларының математикалық және жаратылыстану бойынша дайындық деңгейін бағалайды. TIMSS-2023 толық цифрлық форматқа көшуді аяқтады және жаңа интерактивті жұмыс форматтарын қамтиды.

2023 жылы халықаралық зерттеудің сегізінші циклі өтті. Оған 64 ел мен 6 жеке аймақ қатысты (656 360 4 және 8 сынып оқушылары, 359 098 төртінші сынып оқушыларының ата-аналары, 20 802 мектеп директорлары мен мұғалімдері). TIMSS-2023 компьютерлік форматта өтті.

Негізгі нәтижелер

Математикадан қазақстандық төртінші сынып оқушыларының орташа балы 487 балды құрады (58 ел арасында 41-ші орын). Ұқсас нәтижелерді Бельгияның Француз бөлігінің (489) және Францияның (484) оқушылары көрсетті. Математикалық сауаттылық бойынша алғашқы үштікке Сингапур (615), Қытайлық Тайбэй (607) және Корея Республикасы (594) кірді. ТМД елдерінен Арменияның төртінші сынып оқушылары жақсы нәтиже көрсетті, олар 32–ші (513 балл), Әзірбайжан - 36-шы (494 балл) орынды иеленді. Өзбекстан 443 балл жинады (50-ші орын). Грузия оқушылары 37-ші орынды иеленді (498 балл).

Математикалық дайындық бойынша Қазақстанның 8-сынып оқушыларының жетістіктері 454 балды құрады, бұл TIMSS-2023 қатысушы 44 елдің арасында 28-ші орынға сәйкес келеді. Ең жоғары нәтижелерді Сингапур оқушылары көрсетті (605). Олардан кейін 2-ші және 3-ші орындарда Қытайлық Тайбэй (602) және Корея Республикасы (596) орналасқан. ТМД елдерінен Әзірбайжанның сегізінші сынып оқушылары 479 балмен 25-ші, Өзбекстан - 32-ші (421) орын алды. Грузия оқушыларының көрсеткіштері 467 балды құрады, бұл халықаралық рейтингтің 27-ші орнына сәйкес келеді.

Жаратылыстану бойынша Қазақстанның 4-сынып оқушыларының нәтижелері математика көрсеткіштерінен төмен болып, 467 балды құрады. Бұл көрсеткіш 58 елдің арасында 42-ші орынға сәйкес келеді. Алғашқы үш позицияны Сингапур (607 балл), Корея Республикасы (583) және Қытайлық Тайбэй (573) иеленді. ТМД елдерінің төртінші сынып оқушылары, атап айтқанда, Армения – 45-ші (457 балл), Әзірбайжан – 52-ші (422 балл) және Өзбекстан – 54-ші (412 балл), Қазақстанмен салыстырғанда төмен нәтижелер көрсетті. Грузия оқушылары 465 балл жинап, Қазақстаннан кейін келесі орынды иеленді.

Жаратылыстану пәндері бойынша Қазақстанның 8-сынып оқушыларының орташа нәтижесі 443 балды құрайды. 44 қатысушы елдің ішінде біздің еліміз 31-ші орында. Ең жоғары нәтижені Сингапур оқушылары көрсетті (606 балл). Олардан кейін Қытайлық Тайбэй мен Жапонияның оқушылары орналасқан, олардың нәтижелері сингапурлық оқушылардан тиісінше 34 және 49 балға төмен. Әзірбайжан мен Өзбекстанның сегізінші сынып оқушылары 38-ші және 39-шы орындарға орналасты. Грузия оқушылары қазақстандықтардан 5 балға жоғары нәтиже көрсетіп, рейтингте 30-шы орында тұр.

TIMSS-2023 зерттеуі көрсеткендей, мазмұндық бағыттар бойынша математикадағы “Деректер" және жаратылыстанудағы "Биология" бөлімдерінің тапсырмалары 4 және 8 сыныптарда қиындықтар туғызды. Сонымен қатар танымдық салаларда қазақстандық оқушылар "Білу" тапсырмаларымен салыстырғанда, "Қолдану" және "Пайымдау" тесттерін сәтті орындады.

2023 жылы 4-сыныптағы қалалық және ауылдық мектептер арасындағы математика бағыты бойынша нәтижелеріндегі айырмашылық қала пайдасына 27 балды, 8-сыныпта 17 балды құрады. Сонымен қатар 2019 жылмен салыстырғанда 8-сыныпта топтар арасындағы айырмашылық 4 балға қысқарды.

Жаратылыстану бағыты бойынша ұқсас динамика сақталуда. 4-сыныпта қалалық және ауылдық мектептер арасындағы нәтижелер айырмашылығы қала пайдасына 36 балды, 8-сыныпта 30 балды құрады. 2019 жылмен салыстырғанда 8-сыныпта топтар арасындағы нәтижелер айырмашылығы 3 балға қысқарды.

TIMSS-2023 зерттеуінің қорытындысы бойынша 2025 жылдың бірінші тоқсанында оқушылардың математикалық және жаратылыстану сапасына әсер ететін нәтижелер мен факторларды егжей-тегжейлі талдауымен ұлттық есеп жариялану жоспарлануда. IEA халықаралық есебі Бостон колледжіндегі TIMSS & PIRLS халықаралық зерттеу орталығының сайтында қол жетімді: About IEA | IEA.nl