Астана қаласында 2024 жылдың 15-16 ақпан аралығында PISA-2025 зерттеуінің апробациясына дайындық бойынша мектеп үйлестірушілері мен тест-әкімшілеріне арналған тренинг өтті. Семинарға Астана қ., Алматы қ., Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарынан 80-ге жуық мектеп үйлестірушілері мен тест-әкімшілері қатысты. PISA зерттеуі — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) үш жылдық циклмен жүргізіп келе жатқан 15 жасар жасөспірімдердің оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын бағалайтын халықаралық салыстырмалы зерттеу болып табылады. PISA тапсырмалары білім алушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығы бойынша білімдері мен дағдыларын бағалайды, сондай-ақ сауалнама жүргізу арқылы контексттік деректер жинайды.
Семинарда Орталықтың Басқарма төрағасының орынбасары Қамбатырова А.С. кіріспе сөз сөйлеп, Қазақстанның PISA зерттеуіне қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Семинардың алғашқы күні Сыздықбаева Р.С. және Дыбачевская Н.И. PISA-2022 циклының нәтижелеріне талдау жасады. Талдау барысында Қазақстандық оқушылардың әр сауаттылық бойынша нәтижелері, ауыл мен қала оқушылары арасындағы алшақтық және т.б. көрсеткіштер ұсынылды.
Аталған тренингті Халықаралық салыстырмалы зерттеулер департаментінің мамандары өткізді. Дыбаческая Н.И, Маймурунова К.А. – оқу сауаттылығының, Баймаганбетов М. – математикалық сауаттылықтың тұжырымдамасымен таныстырып, оқу бағдарламасымен байланысын анықтап, құпиялықтан шыққан бірнеше тапсырма мысалдарын талдады. Сонымен қатар Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясынан шақырылған спикерлер (Шуиншина Ш.М., Ермолдина Э.Т) – PISA-2025 жаратылыстану бағытының тұжырымдамасын талдады. Осыдан кейін семинарға қатысушылар топқа бөлініп, әр сауаттылық бойынша тапсырмаларды талқылап, ашық сұрақтар бойынша оқушы жауаптарының үлгілерін тексеріп, бағалады.
Семинардың екінші күні PISA-2025 зерттеуінің апробациясын өткізу тәртібі туралы айтылды. Атап айтсақ, зерттеудің негізгі кезеңдері, тестілеуді жүргізу сценарийі, онлайн және офлайн форматтарда тестілеу өткізу үшін компьютерлер дайындығы, облыстық және мектеп үйлестірушілерінің міндеттері және тағы басқа маңызды тұстары таныстырылып өтті. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, PISA-2025 зерттеуінің апробациялық кезеңі биыл 1 сәуір мен 10 мамыр аралығында өтеді. Апробациялық кезеңге еліміздің 9 өңірінен 48 білім беру ұйымын қатыстыру жоспарланып отыр.