PISA 2025 циклінің жаратылыстану сауаттылығын бағалайтын жаңа тұжырымдамасы қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді

Ағымдағы жылдың 15 маусымында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Оксфорд университетінің баспасымен бірлесіп, жаратылыстану ғылымдары зерттеудің негізгі бағыты болатын PISA 2025 циклі үшін жаратылыстану ғылымдары бойынша жаңартылған тұжырымдаманы таныстырды. Тұжырымдама бүкіл әлем бойынша 15 жастағы балалардың жаратылыстану білімі саласындағы мүмкіндіктері мен жетістіктерін бағалауға көмектеседі. 
Тұжырымдама PISA-2025 циклінде бағаланатын жаратылыстану саласындағы құзыреттер мен білімді сипаттайды. Ол сонымен қатар білім алушылардың жаратылыстану ғылымы сипатындағы мәселелерге тап болатын жағдайларды, сондай-ақ білім алушылардың жаратылыстану ғылымдарына көз-қарасын анықтайды. 
Бұл тұжырымдама білім алушылар жаратылыстану ғылымдары бойынша білім алып қана қоймай, сонымен қатар климаттың өзгеруі және қоғамдық денсаулық сақтау сияқты күнделікті мәселелерді шеше алып, белсенді рөл ойнауы керек деген ойды алға ұстайды. Бұл әсіресе 21 ғасырда адамзат Антропоцен дәуіріне, яғни адамның іс-әрекеті әлемдегі өмір мен тіршілікті қамтамасыз ету процестерін түбегейлі өзгерткен дәуірге енген кезде өте маңызды. 
Тест тапсырмалары бар тұжырымдаманың интерактивті нұсқасы әлемнің 25 тілінде, оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.