PIRLS-2021 нәтижелерін жариялау туралы

Зерттеуді 2001 жылдан бастап әр 5 жыл сайын бүкіл әлемдегі төртінші сынып оқушыларының оқу сауаттылығын бағалау мақсатында IEA Халықаралық білім беру жетістіктерін бағалау қауымдастығы өткізеді.

Қазіргі қоғамда оқушылардың тек бір мәтінді оқып және түсініп қана қоймай, сонымен қатар бірнеше мәтіндерден немесе дереккөздерден алынған ақпаратты талдау, қорытындылау, біріктіру және түсіндіру қабілеттеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар интернеттің кең таралуы қазіргі оқырмандардан онлайн ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын талап етеді. PIRLS шеңберінде ақпаратты табу, қорытындыларды тұжырымдау, ақпаратты түсіндіру және біріктіру, мәтіннің мазмұны мен элементтерін бағалау сияқты ең маңызды оқу дағдылары бағаланады.

PIRLS-2016 қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар ақпаратты табу және қорытындыларды тұжырымдауға (529 балл) қарағанда, мәтіндік хабарламаның элементтерін біріктіруге және түсіндіруге (542 балл) бейімдірек. Сондай-ақ біздің оқушылар әдеби мәтінмен (527 балл) салыстырғанда, ақпараттық мәтінмен (544 балл) жұмыс істеу кезінде неғұрлым жоғары көрсеткіштер көрсетеді.

Қазақстандық бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктеріне отбасы мен мектептің білім беру ресурстары, оқушылардың оқуға деген қарым-қатынасы сияқты факторлар әсер етеді. Мысалы, үйінде 100-ден астам кітабы бар балалар жоғарырақ көрсеткіштер көрсетті. Еліміздегі оқушылардың көбі (71%) оқуды өте жақсы көретінін атап өтті және бұл олардың нәтижелерінде айтарлықтай көрініс тапты. Жақсы деңгейдегі мектепке дейінгі дайындық та олардың ұпайларына оң ықпал етті.

2021 жылғы зерттеуде еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан 389 мектептің 10 230 5-сынып оқушысы Қазақстан атынан зерттеуге қатысты. Оның ішінде 7 023 оқушы халықаралық тестті алғаш рет компьютерлік форматта тапсырса, 3 207 оқушы үрдісті анықтау мақсатында қағаз форматындағы тестілеуге қатысты. Жалпы алғанда зерттеуге 57 ел мен 8 жекелеген аймақ (400 мыңға жуық оқушы, 380 мыңға жуық ата-ана, 20 мыңға жуық мұғалім мен 13 мыңға жуық мектеп директоры) қатысты.

COVID-19 пандемиясы кезінде өткізілген жалғыз халықаралық ауқымды зерттеу ретінде PIRLS-2021 пандемияның оқу процесіне әсері туралы құнды контекстік ақпарат ұсынбақ.