Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоға қарасты ұйымдардың қызметкерлерімен кездесу өткізді

Ағымдағы жылдың басында өткен маңызды іс-шаралардың бірі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың ведомствоға қарасты ұйымдардың қызметкерлерімен өткізген кездесуі болды. 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының және Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының басшылары есеп берді. Сондай-ақ 2024 жылғы жоспарға сәйкес министрліктің алдына қойылған өзекті мәселелер мен міндеттер қаралды.

Кездесуде «А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Аманғазы М.З. орталықтың 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, 2024 жылға арналған даму перспективалары мен іс-шаралар туралы баяндады.

Атап айтқанда, қазіргі таңда Орталық негізгі үш бағыт бойынша қызмет атқаруда. Аманғазы М.З. әр бағыт бойынша атқарылған іс-шараларға тоқталып өтті. Министрдің тапсырмасы бойынша әзірлеген «Балабақшадағы кезекті есепке алудың бірыңғай базасы» туралы атап өтті. Жоба Шахтинск және Петропавл қалаларында пилоттық режимде іске қосылды. Ол мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлықтың барлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ Мағжан Заңғарұлы педагогтерді жұмысқа қабылдау және аттестаттаудан өту кезінде ашықтықты қамтамасыз ететін және қағаз құжат айналымын болдырмайтын Ұлттық білім беру дерекқорын жаңғырту бойынша түрақты жұмыс жасалып жатқанын айтты.

Сонымен қатар 2023 жылы Орталық 1413 білім беру ұйымдарында TIMSS, ICILS, Мектептерге арналған PISA негізгі зерттеуін және TALIS апробациясын жүргізді. Алғаш рет Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторингтің (ББЖМ) апробациясы өтіп, психометрикалық талдау жүргізілді. Аманғазы М.З. министрлік пен өңірлік білім басқармаларының басшылығы үшін 18 дэшборд әзірленгенін хабарлады.

Кездесудің соңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024 жылға ведомствоға қарасты ұйымдардың алдына қойылған міндеттерді белгіледі. Міндеттер білім беру сапасын арттыруға, менеджментті нығайтуға, цифрландыруды дамытуға, оқу бағдарламаларын жаңартуға және ауыл мектептерін қолдауға, сондай-ақ педагогтарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіруге бағытталған. Айта кетейік, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерімен кездесулер алдағы уақытта жүйелі түрде өз жалғасын таппақ.