Креативті ойлау бойынша PISA-2022 нәтижелері жарияланды

Қазақстанның PISA-2022 креативті ойлау бойынша нәтижелері туралы толығырақ Елдік жазбадан оқуға болады.

Ағымдағы жылдың 18 маусымында ЭЫДҰ креативті ойлау бойынша PISA-2022 нәтижелерін жариялады. PISA бағдарламасы үш негізгі бағыттан бөлек, әр цикл сайын өзгеріп отыратын бір инновациялық бағытты бағалайды. 2022 жылы инновациялық бағыт ретінде креативті ойлау анықталды. Білім алушылар визуалды немесе жазбаша тапсырмалармен жұмыс жасау кезінде креативтілігін көрсетуді талап ететін ашық тапсырмаларды орындады, мысалы, оқиғаның сюжетін айрықша дамыту, іс-шараның логотипін дайындау немесе жергілікті немесе жаһандық ауқымдағы әлеуметтік немесе ғылыми мәселеге шешімдер ұсыну.

Креативті ойлау бойынша тестілеуге 64 ел қатысты. Қазақстанның нәтижесі барлық мүмкін 60 балдан 24 балды құрады, бұл ЭЫДҰ бойынша орташа деңгейден (33 балл) 9 балға төмен. Қазақстанның орташа балы Молдова, Бруней-Даруссалам, Кипр, Перу, Бразилия, Сауд Арабиясы, Панама және Сальвадор сияқты елдердің нәтижелеріне ұқсас. Креативті ойлауды ең тиімді дамытқан білім беру жүйелерінің қатарына Сингапур, Корея және Канада (сәйкесінше 41, 38 және 38 балл) кіреді. Сонымен қатар 9 ел (Австралия, Жаңа Зеландия, Эстония, Финляндия, Дания, Латвия, Бельгия, Польша және Португалия) ЭЫДҰ орташа деңгейінен статистикалық тұрғыдан жоғары нәтиже көрсетті.

Қазақстанда білім алушылардың 52,6%-ы креативті ойлау бойынша шекті 3-деңгейге жете алмады (ЭЫДҰ елдері бойынша орта есеппен 21,7%). Бұл әрбір екінші білім алушыға күнделікті өмірде кездесетін таныс тапсырмаларды шешу үшін бірегей немесе әртүрлі идеяларды ойлап табу қиынға соғатынын білдіреді. Сингапурда, Латвияда, Кореяда, Данияда, Эстонияда, Канадада және Аустралияда оқушылардың 88%-дан астамы 3 немесе одан жоғары деңгейге жетті.

Білім алушылардың креативті ойлау бойынша нәтижелері математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығының нәтижелерімен оң корреляцияланады. Креативті ойлау бойынша ЭЫДҰ орташа балынан жоғары балл жинаған елдер мен аумақтардың көпшілігі бағалаудың үш бағыты бойынша да ЭЫДҰ орташа балынан жоғары нәтижелер көрсетті.

PISA-2022-ның креативті ойлау бойынша тапсырмалары идеяларды қалыптастырудың үш процесі және төрт контекстік бағыт бойынша топтастырылды. Қазақстанда және орта есеппен ЭЫДҰ елдерінде білім алушылар басқалардың идеяларын жетілдіруді талап ететін тапсырмаларға қарағанда (19,8%), өздерінің креативті (30,3%) немесе әртүрлі идеяларын (26,3%) ұсынуды талап ететін тапсырмаларға дұрыс жауап беру ықтималдығы жоғары болды. Пәндік салаға келетін болсақ, білім алушылар кретивтілігін визуалды түрде көрсету (21,8%) және ғылыми мәселелерді шешуге (18,6%) қарағанда, кретивтілігін жазбаша түрде көрсету (32,1%) және әлеуметтік мәселелерді шешу (27,9%) бойынша тапсырмаларды орындағанда көбірек балл жинады.

Барлық өңірлер арасында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары ел бойынша ең жоғары нәтиже көрсетті (30 балл). Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді - 18 балл. Осылайша, ең жоғары және ең төменгі өңірлік көрсеткіштер арасындағы айырмашылық 12 балды құрады. Қазақстанның 9 өңірінде білім алушылардың жартысынан көбі шекті деңгейге жетпеді – Маңғыстауда 51,1%-дан Түркістанда 72,8%-ға дейін. Қостанай (45,7%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (43,6%), Алматы (40,9%) және Астана (40,3%) қалаларында төртінші және одан жоғары деңгейге жеткен білім алушылардың ең көп үлесі байқалады. Бұл балалар таныс контексте бірегей және әртүрлі идеяларды ұсына алады.

Білім алушылардың гендері бөлінісіндегі талдау көрсеткендей, жалпы алғанда, қыздар үш елден басқа (Чили, Мексика және Перу – гендерлік айырмашылық болмашы) барлық елдерде/аумақтарда креативті ойлау бойынша ұлдардан асып түседі. Қазақстанда қыздар (25) ұлдарға (22) қарағанда 3 балға артық нәтиже көрсетеді. Тіпті математика бойынша үлгерімін ескергеннен кейін де, қыздар креативті ойлауда үздік болып табылады. Алайда оқу сауаттылығы бойынша көрсеткіштерді ескергеннен кейін гендерлік айырмашылық болмашы болды. Сонымен қатар қыздардың жоғары нәтижеге жету ықтималдығы (28%) ұлдарға қарағанда (22%) жоғарырақ.

Білім беру ұйымының орналасқан жері бойынша қалалық білім алушылар (26 балл) ауылдық жерлердегі білім алушылармен (20 балл) салыстырғанда жоғары нәтиже көрсетті.

Өзгермелі экологиялық, әлеуметтік және экономикалық жағдайда білім алушылар үшін креативті және тапқыр болу өте маңызды. 2022 жылы алғаш рет өткізілген PISA-ның креативті ойлау тестілеуі балалардың үнемі өзгеріп отыратын әлемге бейімделуіне көмектесу үшін оқу процесінде ерекше назар аударуды қажет ететін дағдылар туралы бірегей ақпарат береді және олардың шығармашылық қабілеті мен кретивті ойлауын қолдау және дамыту саясатын қалыптастырудың құнды құралы бола алады.

Дереккөз:  OECD (2024), PISA 2022 Results (Volume III): Creative Minds, Creative Schools, PISA, OECD Publishing, Paris, https://www.oecd-ilibrary.org/education/pisa-2022-results-volume-iii_765ee8c2-en