ЭЫДҰ өкілдерімен онлайн кездесу өтті

2024 жылдың 28 наурызында «Талдау» АҚ Басқарма төрағасы мен ЭЫДҰ өкілдері арасында, TALIS зерттеуінің аға жоба менеджері, Рушен Ли және оның командасымен онлайн кездесу өтті. Күн тәртібіндегі мәселе — Қазақстанда TALIS 2024 зерттеуінің негізгі кезеңінің өтуі. Зерттеу ұйымдастырушыларын Қазақстан осы халықаралық сауалнамаға екінші рет қатысып отырғандықтан, алдыңғы қатысу циклінен алынған деректердің қаншалықты пайдалы болғаны және қандай негізгі аспектілер бойынша саяси шешімдердің қабылданғаны ерекше қызықтырды. Негізгі сұрақ бойынша TALIS жобасының ұлттық менеджері (Б.Т. Баекешова) мен дата менеджері (Д.С. Чуишбеков) жауап ұсынды. 2024 жылдың 18 наурызында кездейсоқ тәсілмен таңдалған 8000-ға жуық мектеп басшылары мен орта мектептің пән мұғалімдерінің қатысуының жоғары көрсеткішімен зерттеудің негізгі кезеңі ресми түрде аяқталды. Қазіргі уақытта алынған мәліметтер өңдеу сатысынан өтуде, қатысушы елдер арасындағы тәжірибе алмасу үшін ұлттық сұрақтар ортақ платформаға жүктеліп, зерттеуді ұлттық бақылау нәтижелері бойынша сауалнама толтырылуда.

Басқарма төрағасының айтуынша: «TALIS 2018-ге қатысу алғаш рет өзімізді басқалармен салыстыруға, директорлардың мектепті басқаруға, ал мұғалімдердің оқыту мен кәсіби дамуға қатысты көзқарастарын түсінуге мүмкіндік берді. Директорлар мен мұғалімдердің TALIS 2018 зерттеуіне қатысу арқылы берген дауыстары білім беруді талдауда және саясаттың негізгі бағыттары бойынша шешімдерді әзірлеуде «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануына септігін тигізді. Ол білім беру жүйесін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді: мұғалімдердің еңбек жағдайлары жақсарды, жалақылары өсті, қағазбастылық қысқарды, ең бастысы, оларға негізгі қызметтен тыс функцияларды орындаудан қорғау қамтамасыз етіледі. Мемлекет мұғалімдерді даярлауға арналған гранттар санын көбейту арқылы педагог мамандығының беделін арттыру шараларын жалғастыруда. Соның ішінде ерекше атап өтетіні — білім беру мен басқарудың сапасын арттыру үшін жаңа форматтағы білім беру көшбасшыларын мақсатты түрде даярлау».

Кездесу соңында тараптар бір-біріне алғыстарын білдіре отыра, іріктемелерді салыстырып, себеп-салдардың байланысын анықтап, көрнекі есеп құрастыру үшін талдаудың заманауи әдістерін қолданып, жинақталған деректерге сапалы талдау жасау барысында өзара қолдау көрсетуге келісімдерін берді. «Талдау» АҚ ЭЫДҰ TALIS командасы мен ЭЫДҰ мердігері, IEA-ді кәсіби көмектері үшін аса бағалады. TALIS ЭЫДҰ командасы қазақстандық команданың кадр және зияткерлік әлеуетін ескере отыра, ЭЫДҰ-ның ұйымдастырумен өткізілетін бірқатар зерттеулерге жаңадан қатысушы елдерге көмек көрсету, тәжірибемен бөлісу үшін АҚ Талдау-мен тығыз серіктестікте қызмет атқару ниеттерін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, TALIS 2018 зерттеуіне қатысу нәтижелері бойынша 2 томдық Ұлттық баяндама жарияланған (2019 ж.). Ол «Талдау» АҚ сайтында қолжетімді.