Қазақстанның PIRLS-2021 халықаралық зерттеуіндегі нәтижелері

2023 жылдың 16 мамырында IEA PIRLS-2021 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. PIRLS төртінші сыныптың соңында оқушылардың оқу сауаттылығының қалыптасу деңгейін бағалайды, себебі дәл осы кезеңде оқушылар "қалай оқуды үйреніп", келесі "оқу арқылы жаңа білімді меңгеру" кезеңіне өте бастайды". ЮНЕСКО зерттеу нәтижелерін 4-Тұрақты даму мақсатына (ТДМ) жету прогресін бақылауда сенімді деректер базасы ретінде таниды.

Қазақстанда PIRLS-2021 аралас форматта республиканың барлық өңірлерінен 389 мектептің қатысуымен өтті (267 мектепте компьютерлік форматта, 122 мектепте – қағаз форматында). Жалпы зерттеуге әлемнің 57 елі мен 8 жеке аумағы қатысты. Оның ішінде 26 ел және 7 жеке аумақ компьютерлік форматта, 31 ел және 1 жеке аумақ қағаз форматында қатысты.

Зерттеу қорытындысы бойынша, қазақстандық оқушылардың орташа нәтижесі 504 балды құрады. Бұл PIRLS шкаласының халықаралық орташа мәнінен (500) жоғары. Түркия оқушылары (496) Қазақстанмен ұқсас нәтиже көрсетті. Тәжірибесі зерттеуге тұрарлық көшбасшы елдер қатарына Сингапур (587), Ирландия (577) және Гонконг (573) оқушылары кірді. 19 елдің оқушылары қазақстандық оқушылардың нәтижелерінен төмен нәтиже көрсетті, олардың қатарында Бельгияның Француз бөлігі (494), Грузия (494), Әзірбайжан (440) және Өзбекстан (437) бар.

2016 жылғыдай зерттеуде қазақстандық оқушыларының көпшілігі орташа қиындық деңгейіне (39%) жетті. Жалпы, мектеп оқушыларының 91%-ы мәтінді түсінудің төменгі шекті деңгейіне жеткен. Бұл оқушылардың көпшілігі мәтіндік материалдардағы әртүрлі мәтіндік және көрнекі элементтерді таба алады, түсіндіріп, біріктіреді және бағалай алады.

Ағымдағы циклде PIRLS-2021-ге қатысқан көптеген елдерде оқу сауаттылығының төмендеу үрдісі байқалады. 25 елдің орташа нәтижесі төмендесе, 9 елде өсім байқалады, 12 елде көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Қазақстандық оқушылардың нәтижелері 2016 жылмен салыстырғанда 32 балға төмендеді. Оқушы нәтижелерінің төмендеуі пандемия кезінде ұзақ уақыт бойы қашықтықтан оқу және тесттің ұзақ жазғы демалыстан кейін өтуіне байланысты болуы мүмкін.

Сонымен қатар зерттеу оқушылардың, олардың ата-аналарының, бастауыш сынып мұғалімдерінің және мектеп директорларының сауалнамасы арқылы оқушылардың оқу жетістіктеріне әсер ететін факторларды анықтауға мүмкіндік береді. Сауалнама нәтижелерінің талдауы көрсеткендей, 2021 жылы кітап оқуды өте жақсы көретін қазақстандық оқушылардың үлесі (53%) 2016 жылғы деректермен (71%) салыстырғанда 18%-ға төмендеді. Мұндай үрдіс PIRLS-2021 қатысушы елдерінің көпшілігінде байқалады. Оң өзгеріс тек Сингапурда, Қытайлық Тайбэйде, Германияда, Сауд Арабиясында, Мароккода, Катарда және Бельгияның Фламанд қауымдастығында байқалады. Барлық елдерде кітап оқуды ұнататын қыздардың үлесі (орта есеппен 46%) ұлдарға қарағанда (орта есеппен 37%) көбірек.

Жалпы әлемде балалардың 18%-ы кітап оқуға теріс көзқарас білдірді. Бұл нәтиже қазіргі ақпараттық қоғамда алаңдаушылық туғызады.

Ата-аналардың кітап оқуға деген көзқарасы балалардың кітап оқуға деген ынтасын және оқу үлгерімін арттыруда маңызды рөл ойнайды. Ересектердің оқығанын көрген балалар өздерінде дәл осындай әдет қалыптастырады. Қазақстанда ата-аналары кітап оқуды жақсы көретін оқушылардың үлесі (17%) әлем бойынша орташа көрсеткіштен (31%) екі есе дерлік аз. PIRLS-2016-мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9%-ға төмендеді. Жалпы, PIRLS-2016 және PIRLS-2021 қатысқан елдердің жартысында ата-аналардың кітап оқуға деген оң көзқарасының статистикалық мәні бар төмендеуі байқалады.

Сыныпта қолданылатын оқуға үйрету әдістемесі де оқушылардың оқу сауаттылығының дамуын анықтайды. 4-сынып оқушыларының 90%-дан астамына сабақ берген мұғалімдер олардан оқудың негізгі идеясын анықтауды және мәтіннен ақпарат табуды жиі сұрайды, ал онлайн ақпаратты оқуға байланысты тапсырмаларды сирек береді, бірақ бұл мән халықаралық салыстыруда жоғары. Мұғалімдері күнде немесе күнде дерлік сайттағы ақпараттың сенімділігін бағалау әдісін қолданатын балалардың нәтижесі бұл әдісті айына бір немесе екі рет қолданатын мұғалімдермен салыстырғанда 21 баллға жоғары болды.

PIRLS-2021 қорытындысы бойынша балалардың оқу дағдыларын қалыптастыруға әсер ететін факторлар егжей-тегжейлі талданған ұлттық есеп ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында жарияланады. IEA Халықаралық есебі Бостон колледжі жанындағы TIMSS & PIRLS халықаралық зерттеу орталығының сайтында қолжетімді: https://pirls2021.org/