ICILS-2023 цикліне әлемнің 34 елі мен 1 жеке аумағы қатысты, оның ішінде Еуропа Одағының елдері, Оңтүстік Корея, Қытай Тайбэйі, Уругвай, Қазақстан, Оман, Әзірбайжан және Америка Құрама Штаттары.
2023 жылы зерттеуге қатысушы елдердің 5299 мектебінен 132 998 сегізінші сынып (немесе баламалы сынып) оқушысы қатысты. Қазақстаннан ICILS-2023-ке республиканың барлық өңірінен іріктелген 176 мектептің 4852 сегізінші сынып оқушысы, 2567 пән мұғалімі, 169 АКТ-үйлестірушісі мен 172 мектеп директоры қатысты.
ICILS-2023 Халықаралық есебін келесі сілтемеге өтіп оқуға болады: https://www.iea.nl/publications/icils-2023-international-report
ICILS-2023 зерттеуінде Қазақстанның орташа балы 407 балды құрады. ICILS-2018-мен салыстырғанда Қазақстанның нәтижесінде статистикалық мәні бар өзгерістер байқалмады.
ICILS-2023-те Оңтүстік Корея (540 балл), Чехия (525 балл) және Дания (518 балл) үздік үштік болып анықталды. Айта кету керек, осы үш ел алдыңғы ICILS циклдарында да ең жоғары орташа көрсеткіштерді көрсетті: 2018 жылы Дания мен Оңтүстік Корея рейтингтің бірінші және екінші қатарына орналасса, Чехия ICILS-2013 циклінің көшбасшысы болды.
ICILS-2018 және ICILS-2023 зерттеулеріне қатысқан елдер арасында (Қазақстанды қоса алғанда) нәтижелердің статистикалық мәні бар өсімі тек екі елде (Италия, Люксембург), ал статистикалық мәні бар төмендеу төрт елде (Германия, Финляндия, Солтүстік Рейн-Вестфалия және Дания) анықталды. Қалған бес елде (Қазақстан, Португалия, Уругвай, Франция және Оңтүстік Корея) статистикалық мәні бар өзгерістер жоқ.
Алдыңғы циклмен (ICILS-2018) салыстырғанда Қазақстанда бірінші деңгейге жетпеген білім алушылардың үлесі 3 пайыздық тармаққа қысқарды. Дегенмен әрбір екінші қазақстандық білім алушы КАС негізгі дағдыларын қамтитын тапсырмаларды орындау кезінде әлі де қиналады. Мысалы, гиперсілтемелер бойынша өту, қарапайым контент жасау (мәтінді енгізу және презентацияға сурет қосу), көшірмеде қосымша адресаттар болған кезде хаттарды жіберу принципін түсіну және слайдтарға тиісті тақырыптар қою.
Циклдар бойынша ұлдар мен қыздардың көрсеткіштерінің өсуі байқалады (ICILS-2018 және ICILS-2023). Қыздардың нәтижелері едәуір өсті: 2018 жылы 399 балдан 2023 жылғы 415 балға дейін (+16 балл).
Өткен циклмен салыстырғанда қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтық 33 балға қысқарып, 53 балды құрады. Ауылдық жерлердегі білім алушылардың көрсеткіштерінде едәуір өсім байқалады: 2018 жылы 349 балдан 2023 жылғы 377 балға дейін (+28 балл).
Циклдар бөлінісінде үйінде екіден аз компьютері бар және екі немесе одан да көп компьютері бар білім алушылар арасында алшақтықтың 12 балға қысқаруы байқалады. Үйінде екіден аз компьютері бар білім алушылардың нәтижелерінде статистикалық мәні бар өсім байқалды: 2018 жылғы 383 балдан 2023 жылғы 397 балға дейін (+14 балл).
Сондай-ақ циклдар бөлінісінде АКТ пайдалану тәжірибесі 5 жылдан кем және АКТ пайдалану тәжірибесі 5 жыл немесе одан да көп білім алушылар арасындағы алшақтықтың 14 балға қысқарғаны анықталды. АКТ пайдалану тәжірибесі 5 жылдан кем болған білім алушылардың нәтижелерінде статистикалық мәні бар өсім байқалды: 2018 ж. 377 балдан 2023 ж. 393 балға дейін (+16 балл).
Қазақстан үйіндегі Интернет байланысының сапасы төмен білім алушылардың үлесі көп елдер тобына кіреді (79%-ы Косовода, 77%-ы Оманда, 69%-ы Әзірбайжанда, 67%-ы Қазақстанда). Үйде үнемі тұрақты Интернеті бар және Интернет байланыс ақаулары жиі кездесетін білім алушылар арасындағы алшақтық 19 балды құрады.
ICILS-2023 деректері Қазақстанның білім беру жүйесі үшін маңызды ақпаратты қамтамасыз етеді, назар аударуды және жақсартуды қажет ететін салаларды анықтауға көмектеседі. Нәтижелер компьютерлік және ақпараттық сауаттылықты және білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тиімді оқыту әдістерін әзірлеудің маңыздылығын көрсетеді. Зерттеу ұйымдастырушылары атап өткендей, ICILS қатысушылары “цифрлық дәуірдің ұрпағы" болса да, оларға КАС дағдыларын үйрету, интернеттегі сенімді ақпаратты ажырата білу және АКТ-ның тәуелсіз пайдаланушысы болуға көмектесу керек екенін есте ұстаған жөн.
Қазақстанның ICILS-2023 нәтижелерінің толық талдауы 2025 жылдың басында Ұлттық есепте жарияланады.