Қазақстанда TIMSS-2023 халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңі өтеді

Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында Қазақстанның барлық өңірлерінде TIMSS-2023 халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңі өтеді.

TIMSS – 4 және 8-сыныптарда математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша оқушылардың оқу жетістіктерін бағалайтын халықаралық зерттеу. TIMSS-2023 зерттеуіне Қазақстанның республикалық маңызы бар 3 қаласынан және 17 өңірінен 195 мектеп (12 000-нан астам оқушы) қатысады.

TIMSS зерттеуін әлемнің 60-тан астам елінде Білім беру жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастық (IEA) жүргізеді. Зерттеудің арқасында қатысушы елдерде 4 және 8-сынып оқушыларының жаратылыстану-математикалық дайындығының деңгейін анықтап, мектептегі оқытудың сабақтастығын бағалауға мүмкіндік туады (TIMSS-2023 зерттеуіндегі 8-сынып оқушылары – TIMSS-2019 зерттеуінде 4-сыныпта болды).

Тапсырмалардың шамамен 80%-ы аталған бағыттар бойынша пәндік білімді тексереді. Тест тапсырмаларын орындау үшін алған білімді қолдана білу, пайымдау, математика мен жаратылыстану пәндерінің әртүрлі салаларындағы білімді кіріктіру сияқты дағдылар қажет.

Айта кетсек, Қазақстан бұл зерттеуге 2007 жылдан бері үзбей қатысып келеді. Осы жылы біздің елде TIMSS зерттеуі алғаш рет компьютерлік форматта өтеді. Оқушылар тестілеуден және сауалнамадан өтетін болады. Өз кезегінде сауалнамаға мектеп әкімшілігі, математика және жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері және 4-сынып оқушыларының ата-аналары қатысады. Бұл оқушылардың білім жетістіктерінің нәтижелеріне әсер ететін факторларды анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеу нәтижелері бойынша халықаралық есеп 2024 жылы, ал ұлттық есеп 2025 жылы жарияланатын болады.