Қазақстанда педагогтердің мамандығына қанағаттану деңгейі артты: TALIS-2024 Халықаралық оқыту мен оқу зерттеуінің нәтижелері жарияланды

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 55 білім беру жүйесінің педагогтері қатысқан TALIS-2024 Халықаралық оқыту мен оқу зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Қазақстанда бұл зерттеуді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы өткізді. 

TALIS-2024 нәтижелері Қазақстанда соңғы алты жылда педагогтердің еңбек жағдайы жақсарып, мамандыққа қанағаттану деңгейі және педагог мәртебесі айтарлықтай өскенін көрсетеді. 

Алдыңғы циклмен салыстырғанда (2018 жыл), Қазақстанда педагогтердің жұмыс жүктемесі 14 сағатқа қысқарды және аптасына 36 сағатты құрайды – бұл қатысушы елдер арасында ең жоғары оң өзгерістердің бірі. Педагогтер әкімшілік тапсырмаларға азырақ, ал ата-аналармен жұмыс жасауға және сабақ беруге көбірек уақыт жұмсай бастады. 

Сондай-ақ педагогтердің мамандыққа және еңбек жағдайларына деген қанағаттану деңгейі артқан. Мәселен: 

  • Педагогтердің 71%-ы еңбек жағдайына көңілі толады (2018 ж. – 51%), бұл ЭЫДҰ орташа көрсеткішінен (68%) жоғары; 

  • Мұғалімдердің 95%-ы өз жұмыстарына көңілі толады (2018 жылы – 91%); 

  • Қайта таңдау мүмкіндігі берілсе, 80% педагог осы мамандықты қайта таңдайтынын хабарлады (2018 жылы – 67%); 

  • Педагогтердің жалақысына қанағаттану деңгейі екі есеге жуық өсіп, 39%-дан 71%-ға жетті. 

Сонымен қатар мамандықтың мәртебесі де өсті. Педагогтердің 82%-ы олардың еңбегі қоғамда, 73%-ы БАҚ-та, 58%-ы саясаткерлер арасында бағаланады деп санайды. Жас педагогтер мамандықты ерекше оң бағалайды. Олардың 78%-ы мұғалім мамандығы олардың бірінші таңдаулары болғанын хабарлайды. 

А. Байтұрсынұлы атындағы “Талдау" ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы атап өткендей, бұл нәтижелердің барлығы Қазақстанның білім беру саласында соңғы жылдары болған жүйелі өзгерістерді көрсетеді. 

«Жұмыс жүктемесін азайту, педагогтердің жалақысын және кәсіби мәртебесін көтеру – бұл еңбек жағдайларын жақсартуға және мұғалімдерді қолдауға бағытталған шешімдердің тікелей нәтижесі. Осы тұрғыда TALIS Халықаралық зерттеуі басқа елдермен салыстыруға ғана емес, сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтиже беріп жатқанын көруге мүмкіндік береді», – TALIS жобасының ұлттық үйлестірушісі Данияр Чуишбеков атап өтті. 

Айта кету керек, TALIS-2024 цикліне 55 білім беру жүйесі қатысты. Қазақстаннан 7000-нан астам педагог пен 369 мектеп директоры қатысты. 

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық оқыту мен оқу зерттеуін (TALIS) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) алты жылда бір рет жүргізеді (2008, 2013, 2018, 2024). Ол мұғалімдердің еңбек жағдайын, білім беру ортасын, мамандыққа қанағаттану деңгейін, кәсіби дамуы мен педагогикалық көзқарастарын зерттейді. 

Қазақстанның TALIS-2024 нәтижелерімен толығырақ танысу үшін Елдік жазбаны оқыңыз.