«Адам мен жасанды интеллект арасындағы дұрыс тепе-теңдікті қалай табуға болады?»

Талдау сарапшысы Еуропалық білім беру қорының вебинарлар сериясында спикер ретінде қатысты

2023 жылғы 30 қарашада «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» акционерлік қоғамының қолданбалы зерттеулер және әзірлемелер бөлімінің директоры Оспанова У.А. Еуропалық білім беру қорының ETF skills Lab network of Experts бағдарламасының вебинарлар сериясында "ЖИ-дегі Этика" тақырыбындағы презентациямен спикер ретінде қатысты.

Бұл вебинарлар Орталық Азия аймағындағы мемлекеттерге арналып, "Адам мен жасанды интеллект арасындағы дұрыс тепе-теңдікті қалай табуға болады?" тақырбымен Еуропалық білім беру қоры мен Орталық Азия елдері сарапшыларының қатысуымен өткізілді.

Презентация барысында “Талдау” сарапшысы деректерді жинаудың этикалық аспектілеріне, ЖИ модельдерінің ашықтығы мен түсініктілігі мәселелеріне, қауіпсіздікке байланысты тәуекелдерге, заңнамалық базаны өзгерту қажеттілігіне және ЖИ пайдалануды ескере отырып, білім берудегі жүйелік процестерді қайта қарауға сараптамалық көзқарас ұсынды.

#Europeantrainingfoundation Еуропалық білім беру қоры ұйымдастырған өңірлік алаңның арқасында Орталық Азия елдерінің сарапшылары ЖИ жүйелерін белсенді пайдалану тұрғысынан ұзақ мерзімді перспективада жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті қолдау үшін дағдылар революциясының және болашақ дағдыларды болжаудың аса маңызды мәні туралы пікір алмасты.

Вебинар бейресми сессиямен аяқталды, оның барысында қатысушылар жасанды және адами интеллект арасындағы мағыналы қажетті тепе-теңдікке қол жеткізуде жеке және елдік тәжірибелерімен алмасты.