«А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ ЮНЕСКО және Корей білім және зерттеулер ақпараттық қызметімен (KERIS) бірлесе отырып, оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған практикалық ұсыныстар әзірлеу жобасын жүзеге асыруда.
KERIS (Korea Education and Research Information Service) – бұл цифрлық білім беруді дамыту мәселелерімен айналысатын және бастауыштан жоғары білім деңгейіне дейін қамтитын Корея Республикасының Білім беру, ғылым және технологиялар министрлігіне қарасты үкіметтік ұйымы.
Жоба аясында Қазақстан өкілдері, атап айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаментінің директоры Нұрлан Нұрсұлтан, «Талдау» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қамбатырова Әсел, «Талдау» АҚ Талдау, мониторингтеу және бағалау департаментінің директоры Қайрат Гүлсәуле және Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА вице-президенті Жұмахмет Азамат Сеул қаласына танысу сапарымен барып, KERIS орталығының цифрлық білім беру саласындағы тәжірибе алмасу семинарына қатысты. Атап айтқанда, KERIS сарапшылары жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық сауаттылықтың жағдайы мен орта білімді дамыту туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, Корея Республикасындағы мектептерде қауіпсіз цифрлық ортаның ағымдағы жағдайын талқылады. Сонымен қатар елдегі білім беру ұйымдарында цифрлық бұзушылықтардың алдын алуға және кибербуллингпен күресуге бағытталған бағдарламалармен таныстырды. Өз кезегінде «Талдау» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қамбатырова Әсел корей әріптестеріне қазақстандық цифрлық білім берудің дамуы және оны жақсарту мақсатындағы өзекті бастамалармен таныстырып өтті.
Сапар барысында Қазақстан делегациясы 2006 жылдан бастап Корея Республикасының Білім министрлігі жыл сайын өткізетін цифрлық білім берудің басты іс-шарасы – Жаһандық цифрлық білім беру форумына (Digital Education Global Forum 2024) қатысты. Іс-шараға 24 елдің өкілдері, атап айтқанда білім беру саласының сарапшылары, саясаткерлер, ғалымдар және салалық көшбасшылар қатысты. Пікірталастар барысында басты тақырыптар жасанды интеллекттің (ЖИ) білім беру процесіне ықпалы, сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңде мектептерді цифрлық трансформациялаудың болашағы жайында болды.
Сонымен қатар, Форум аясында Сеул қаласының орта мектептерінің бірімен танысу шарасы өтіп, цифрлық білім беру саласындағы корейлік тәжірибе көрсетілді. Мектепте білім сапасын және оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында оқу процесінде қолданылатын озық технологиялар мен жасанды интеллектті интеграциялау тәсілдері таныстырылды.
Жобаның нәтижесінде корей сарапшылары Қазақстанда жүргізілген зерттеулер бойынша толық есеп беріп, оқушылардың цифрлық сауаттылығын, әсіресе цифрлық этика мен ақпараттық қауіпсіздікке баса назар аудара отырып, дамытуға арналған практикалық ұсыныстар әзірлейтін болады. Жобаның нәтижелері қазақстандық оқушылардың цифрлық дағдыларын нығайтуға ықпал етіп, білім беру саласындағы инновациялық өзгерістерге маңызды қадам болады деп күтілуде.