2024 жылдың 2-7 маусымында Юрмала қаласында PIRLS зерттеуінің ұлттық үйлестірушілерінің 3-халықаралық кездесуі өтті

Кездесуді IEA Халықаралық білім беру жетістіктерін бағалау қауымдастығы, Латвияның Білім және ғылым министрлігі және Латвия университеті ұйымдастырды. Кездесуге 49 елдің 100-ден астам өкілі қатысты.

Кездесуге Қазақстанның атынан «Талдау» АҚ Халықаралық салыстырмалы зерттеулер департаментінің бас талдаушысы, PIRLS зерттеуінің ұлттық үйлестірушісі Н.Қ. Сманова қатысты.

Кездесу барысында 2025 жылдың сәуір айында өтетін PIRLS-2026 апробациялық зерттеу материалдарының мазмұны, сондай-ақ деректерді жинауға дайындық бойынша рәсімдер талқыланды. Сонымен қатар кездесу аясында іріктемеге жауапты IEA командасының өкілімен елдік іріктемені қалыптастыру жоспарлары туралы жеке консультация өтті.

Бес күндік кездесу аясында келесі сессиялар қамтылды:

  • мектептерді іріктеу, зерттеу материалдарын бейімдеу және аудару, деректерді басқару және т. б. апробациялық зерттеуге дайындық іс-шаралары;
  • контекстік сауалнама сұрақтарына шолу;
  • жаңа тест тапсырмаларына шолу;
  • жаңа ePIRLS тапсырмаларына шолу.

Кездесу барысында қатысушылар PIRLS-2026 циклінің негізгі ерекшеліктерімен танысты:

  • PIRLS-2026 толығымен цифрлық форматта өтеді, осылайша қағаз форматынан цифрлық форматқа көшу процесін тәмәмдайды.
  • ePIRLS тапсырмалары ақпараттық тапсырмаларға біріктіріледі.
  • Елдер арасындағы оқушылардың ашық жауаптарын кодтау сәйкестігі алғаш рет жасанды интеллекттің көмегімен бағаланады.
  • Сауалнама жетілдірілген IEA Study Expert платформасында жүргізіледі.
  • Сауалнама ата-аналардың мектеп өміріне қатысуы, оқушылардың әл-ауқаты, оқушылардың мектепте және үйде цифрлық құрылғыларды пайдалануы, мұғалімдердің оқуға үйретуде цифрлық құрылғыларды пайдалануы және т. б. сұрақтармен толықтырылады.

Кездесу қорытындысы бойынша елдер PIRLS-2026 апробациясын өткізуге дайындық бойынша маңызды нұсқауларға қол жеткізді.