«Талдау» орталығы цифрлық сауаттылық пен киберқауіпсіздік мәселелері бойынша KERIS орталығымен бірлескен жобасын жүзеге асыруда

А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы ЮНЕСКО және Кореяның білім беру және зерттеу мәселелері жөніндегі ақпарат қызметімен (KERIS) бірлесе отырып, білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бақытталған практикалық ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жобасын жүргізуде.

KERIS Корея Республикасының Білім, ғылым және технологиялар министрлігі жанындағы білім берудің барлық сатысын қамтитын цифрлық білім беруді дамыту мәселелері жөніндегі үкіметтік ұйымы болып табылады.

20-24 мамыр аралығында аталған жоба аясында Корей делегациясы зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Қазақстанға іс-сапарларымен келді. Қазақстандағы цифрлық білім беруді дамыту үшін кореялық сарапшылар білім беру саласындағы түрлі стейкхолдерлермен, атап айтқанда Астана қаласы Білім басқармасының басшылары мен мамандарымен, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің педагогтерімен кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, KERIS сарапшылары ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразовамен кездесу өткізді. Кездесу барысында цифрлық білім беруді дамыту, сондай-ақ білім беру ұйымдарында киберқауіпсіздік пен киберэтиканы дамыту мәселелері бойынша Кореямен тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Қазақстанның Оқу-ағарту вице-министрі министрліктің жүргізіп жатқан жұмысына және білім беру сапасын арттыру үшін IT-технологияларды дамыту мәселелеріне тоқтады. «Талдау» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әсел Қамбатырова кореялық әріптестерді Қазақстандағы цифрлық білім беруді дамытудың ағымдағы жағдайымен және білім беруде цифрландыруды енгізу және жетілдіру үшін жүргізіліп жатқан өзекті бастамалармен таныстырып өтті.

Қазақстанға сапарларының соңғы күнінде жобаға қатысушылар «Талдау» орталығына келіп, орталық қызметкерлерімен іскерлік кездесу өткізді. Кездесу барысында елдегі цифрлық білім беруді дамытудағы Ұлттық білім беру дерекқорының (ҰБДҚ) және халықаралық салыстырмалы зерттеулердің рөлі сынды түрлі мәселелер талқыланды.

Жоба қорытындысы бойынша кореялық сарапшылар Қазақстанда өткізген кездесулер нәтижесінің негізінде толық есеп беріп, оқушылардың цифрлық сауаттылығын дамыту үшін практикалық ұсынымдар әзірлейтін болады.

Ұқсас материалдар